Шардарада Ұлттық домбыра күні ұлықталды

Версия для печати


Елбасы Жарлығымен бекітілген жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні Шардарада лайықты түрде атап өтілді. Осы күні аудан өнерпаздары «Абай» алаңына жиналып, қазақтың қара домбырасынан күй нөсерін төкпелетті. Алаң үстінде аудандық балалар және саз мектебінің, аудандық оқушылар үйінің, қала және ауылдық округтердегі мәдениет ошақтарының өнерпаздары Түркеш, Құрманғазы, Дина, Нұрғиса, Әбдімомын Желдібаев секілді дәулескер күйшілердің шығармаларынан орындады. Ұлттық мақтанышымыз – домбыра аспабы туралы өнерлі шәкірттер суреттер салса, алаң шетінде көрмелер қойылды.

         Мереке барысында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, домбыра күнінің мән-маңызына тоқталды.

–Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен  1 шілде Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Қазақ қайда жүрсе де, қолынан қасиетті қара домбырасын тастамаған халық. Көңілінің күйін күмбірлеген күй арқылы ұқтырып, әуелеген әуезді әнмен әспеттей білген. Бүгінгінің мақамы - батыстың азан-қазан, даңғыр-дұңғыр музыка екенін ешкімде жоққа шығармайды. Шыны керек, домбыра шанағынан төгілген шежірелі күй шетелдік шулы әуеннің тасасында қалып қойып жатыр. Қазақтың төл өнерін шынайы бағалай білетін жұртшылық үшін ең құнды дүние –құдіреті қос ішегіне қонған қолдағы қасиетті қара домбыра! Елбасымыз айтқандай «өркениетті ұлт – төл мәдениетімен ғана басқаға танылады». Біздің халықтың киіз үйі мен домбырасы, айтыс өнері ЮНЕСКО-ға кірген ұлттық құндылықтырамыз болып саналады.  Бүгінгі тұңғыш мәрте аталып өтіп жатқан Ұлттық домбыра күні құтты болсын! – деді Бауыржан Қуанышбайұлы.

Осы күні аудандық перзентханада өмірге келген сәбилерге жарасымды сыйлық тарту етілді. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев пен қала әкімі Ережеп Бекет аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың атынан Көксу ауылдық округінің тұрғыны, дүниеге Раяна есімді қыз бала әкелген Әлия Тәшібаева мен қала тұрғыны, дүниеге Бағдат есімді ұл бала әкелген Жанна Ерденоваларды мерекемен құттықтап, қос нәрестеге су жаңа домбыраларды сыйға тартты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.


  



 

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
03.07.2018-10:34:00