Теңіз жағасы тазаланды

Версия для печати


Шардара су қоймасының жағалауы жазға қарай келушілерге толып кетеді.  Адам аяғы көбейген соң айдын шалқардың бойын уақтылы таза ұстап отыру да күн тәртібінен түспейді. Кешегі күні аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ұйымдастыруымен «Таза жағалау» экологиялық акциясы өткізілді. Акцияға қаладағы мекеме, ұйым қызметкерлері мен ерікті жастар қатысып, жағалауда жатқан қоқыстарды жинап шықты.

         Акцияны ұйымдастырып отырған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асанбай Махашев:

         –Бұл іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде ұйымдастырылды. Аталмыш мақала еліміздегі экологияны жақсартуға және абаттандыруға баса мән беруді, Жер-анамызды қастерлеп, экологиялық апатқа айналудан сақтау жолындағы мақсат-мүддемізді айқындап беруімен де құнды саналады. Осы бағдарламаға орай «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Табиғат тіршілік нәрі» кіші жобасы шеберінде осынау акцияны өткізуді ұйғардық. Бүгінгі тазалық жұмысына 350-ден астам азаматтар қатысып, үлестерін қосып жатыр. Біз бұған дейін де көгалдандыру, санитарлық тазалықты сақтау мақсатында 14 рет сенбілік өткізіп, оған 4 мыңдай адамды жұмылдырдық, - дейді.

         Тазалық жұмысына әсіресе жастар жағы көп жұмылғанын айта кеткен жөн. Аудандақ «Жастар ресурстық орталығының» қызметкері Ырыскүл Аранжанованың айтуынша қаланың ерікті жастары туған өлкені таза ұстап, көркейту жұмыстарына әрдайым да белсенді түрде қатысып келеді. Сол сияқты, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Мырзабай Байқұлов 50-ге тарта спортшы жастармен бірге «Таза жағалау» акциясына қатысып отырғанын жеткізді.

         Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша теңіз жағасындағы мұндай тазалық жұмыстары шомылу масуымы аяқталғанша үздіксіз жүргізіліп отырмақ.

         Аудан әкімінің баспасөз қызметі.



 

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
03.07.2018-10:34:00