Самбошыларымыз жылдың басын жемісті бастады



Шымкент қаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1998-1999 жылдары туылған жастар мен ересектер арасында самбо күресінен Оңтүстік Қазақстан облысының чемпионаты өткізілді. Дүбірлі додаға Шардара ауданының спортшылары да қатысып, жүлделерді сарапқа салып қайтты.  Бір қуанарлығы – жерлестеріміз қоржынға бірнеше жүлде салып, ауданның абыройын асқақтата білді.

         Шардарадан шыққан даңқты палуандардың бірі Сәкен Бөлегенов әлі де нағыз бабында екендігін дәлелдеп, облыс чемпионы атағын жеңіп алды. Сәкеннің жеңісін Ерсейіт Жұматай да қайталап, шардаралықтарға екінші бас бәйгені әперді. Чемпионатқа қатысқан қыздарымыз да осал еместігін қарсыластарына мойындата білді. Алғашқы белдесулерін өте сәтті бастаған Әсел Сырлыбайқызы ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Дәл осылайша ақтық сынға шыққан Жасұлан Құдайберген есімді самбошы да екінші орынды бағындырды. Ал, Мұса Мекембай, Зейін Бейсенбай, Гаухар Қазақбай, Қамбар Құралбай, Руслан Аллаберді, Гүлдана Жарылғап, Қажымұқан Көжекбай, Нұрдәулет Есалы, Сматулла Жарылғап сынды спортшыларымыз жүлделі үшінші орынға табан тіреді.

         Жылдың басын жемісті бастаған самбошыларымыздың жеңістері құтты болсын, ағайын!

         Аудан әкімінің баспасөз қызметі.


 


 

Қазақ
ЖАРИЯЛАНҒАН: 
08.01.2018-10:34:00