ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Версия для печати

     Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі одан әрі жалғасып жатыр. 18 шілде күні Достық, Егізқұм, Ақ алтын, Қызылқұм, Сүткент, Алатау батыр ауылдарында болып, Қайрат Жолдыбайұлы халықтың тыныс-тіршілігімен жете танысты. 
     Достық ауылында болған кездесуде аудан басшысы алдымен Шардара-Арыс тас жолындағы жөндеу жұмыстарын көрді. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Достық» жалпы орта мектебінің ғимаратында болып, мердігер компанияның жұмысымен танысты. Мұндағы электрлендіру жұмысымен айналысып жатқан құрылысшылар электр қуатының шамадан тыс берілуінен көптеген шамдардың күйіп кеткендерін айтып аудан басшысына шағымданды. Өз кезегінде Қайрат Жолдыбайұлы бұл мәселе бойынша арнайы тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтып, тиісті мамандарға тапсырма берді.
     Ауыл ақсақалдарымен, шаруа қожалық төрағаларымен және тұрғындармен кездесу өткізген Қайрат Жолдыбайұлы олардан ең өзекті деген мәселелерді ашық айтуды сұрады. Достық ауылының тұрғындары әсіресе, ауылшаруашылығы саласы бойынша проблемаға айналған жер асты суының көтерілуі, егістік алқаптағы каналдардың жарамсыздығын айтып, осы мәселені  қолға алатын кез жеткенін айтты. Сонымен бірге, ауыл емханасын жөндеу, ауыз судың жетіспеуі, шаруаларға жеңілдетілген несиенің уақтылы берілмеуі, тұрғындар санының артуына байланысты жаңадан жер учаскесін беру сияқты мәселелерді көтерді.
     Тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселеге жеке-жеке жауап қайтарған аудан әкімі алдағы уақытта арнайы жоспар түзіліп, сол бойынша мәселелерді шешетінін жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
25.07.2019