Мәжiлiс депутаты Шардарада

Версия для печати

     12 шiлде күнi ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесi Нұржан Әлтаев пен Түркiстан облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасы филиалы директорының орынбасары Нәлiбай Дәрiбаев Шардараға арнайы iссапармен келдi.
     Қонақтармен бiрге аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай ең бiрiншi кезекте Жаушықұм ауылдық округiндегi «Иiржар агро» ЖШС-iне ат басын бұрып барды. Жыл сайын бiтiк өнiмге қол жеткiзетiн бұл шаруашылық биылғы жылы 195 гектар алқапқа шит септi. Оның 160 гектарын тамшылатып суару әдiсiмен еккен шаруалар одан өзге 43 гектарға бидай, 52 гектарға жоңышқа, 10 гектарға пияз, 3 гектарға жүгерi дақылдарын орналастырды. 
     Диқан қауыммен тiлдескен Мәжiлiс депутаты олардың қырмандарына береке тiледi. Егiс басында Нұржан Бауыржанұлы аудан әкiмi Қайрат Жолдыбаймен бiрге Жаушықұм алқабын суландыру жайлы әңгiме қозғады.
     Шардараға iс-сапармен келген халық қалаулысы «Хамит» ауыл шаруашылығы өндiрiстiк кооперативiнiң жұмыс барысымен де танысты. Балық өңдеумен айналысатын iргелi кәсiпорында бүгiнгi таңда 250 жергiлiктi тұрғын жұмыс жасайды. Өнiмдерi Латвия, Литва, Франция, Германия, Қытай елдерiне экспортқа шығарылып отырған бұл зауытта былтырғы жылы 2331 тонна балық өндiрiлген. Балықты тазалаудан бастап, мұздатылған және ысталған дайын өнiм болғанға дейiнгi жұмыс процесiмен танысқан Нұржан Әлтаев зауыт қызметкерлерiмен сөйлесiп, қанша жалақы алатындарын сұрады. 80 мың теңге көлемiнде айлық жалақы алатынын айтқан жұмысшылар мұнда өздерiне ыңғайлы барлық жағдайлар жасалынып отырғанын жеткiздi.
     Мұнан кейiн аудан әкiмдiгiнiң үлкен мәжiлiс залында тұрғындармен кездесу өттi. Жиынды ашып, жүргiзiп отырған аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай:
– Қазақстан Республикасы – қарқынды дамып келе жатқан жас мемлекет. Елбасының «Рухани жаңғыру», «100 нақты қадам» тағы басқа ел дамуындағы маңызды бағдарламалары арқылы елде көптеген оңды өзгерiстер орын алды. Бүгiнде әлеуметтiк қолдау шараларын күшейту арқылы елiмiздiң одан әрi дамуына жол ашылды. Әр мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық даму жолына қажеттi мәселелер заңдармен реттелiп, бекiтiлуi керек. Осы бағытта елiмiздiң Парламентi халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып заңдар қабылдап, өзгерiстер енгiзуде.
     Тұрғындар алдында сөз сөйлеген Мәжiлiс депутаты өзiнiң туып-өскен жерi Шардара өңiрiне әрқашан да ерекше сезiммен қарайтынын жеткiздi. 
– Осындай күннiң күйiп тұрғанына қарамастан кездесуге келгендерiңiз үшiн баршаңызға алғыс айтамын. Қазiргi таңда Парламент депутаттары жазғы каникулға шығып, ел-елдi аралап жүргенiнен баршаңыз құлағдарсыздар. Бүгiнгi келудегi мақсатымыз өздерiңiзбен ашық-жарқын сұхбаттасып, өзектi деген мәселелердi өз ауыздарыңыздан есту. Сондықтан да кез келген мәселе болса ашық айта берiңiздер, - дедi Нұржан Бауыржанұлы.
     Тұрғындар арасынан алғаш болып сөзге шыққан еңбек ардагерi Үсен Құралбаев мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру жайлы айтты. Сол сияқты, аудандық ардагерлер Кеңесi төрағасының орынбасары Байдулла Рахматуллаев Қызылқұм каналынан мал өтетiн көпiр салынса деген мәселе көтерсе, жас кәсiпкер Мақсат Желдiбаев кәсiпкерлiкпен шұғылданатын жастардың практикалық бiлiм алуы үшiн аз мерзiмге шетелге жiберiлсе деген ұсыныс бiлдiрдi. “Атамекен“ ұлттық палатасы Шардара аудандық филиалы директоры, аудандық мәслихат депутаты Әдiлхан Исатай, ауылда тұратын шаруалар үшiн 2020 жылы қолданысқа енгiзiлетiн кассалық аппараттың мерзiмiн бiр-екi жылға ұзартуға ықпал жасауды өтiндi. Ал аудандық кәсiпкерлердi қолдау орталығының басшысы Базарбай Тiлеуiмбетов  ауданда қаржы институттарының жетіспейтіндігін атап өтті. Сонымен бiрге, кәсiпкер құқықтарының қорғалуы мен оларға жасалынар жағдайды жақсарту жөнiнде бiрнеше ойларын ортаға салды.
     Әрбiр тұрғынның айтқан ұсыныс-тiлектерiн мұқият тыңдаған Мәжiлiс депутаты Нұржан Әлтаев оларға тиiстi жауаптар қайтарды. 
– Қаржылай несие беру ұйымдарының жетiспеуi барлық ауданға ортақ проблема. Мен бұл бойынша шұғылданайын. Кез келген бизнес жобаларға жәрдем беруге дайынмын. Мана аудан әкiмi алдағы уақытта қолға алынатын бiрнеше жобаларын айтып өттi. Депутат ретiнде Қайрат Жолдыбайұлының бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға атсалысатын боламын, - дедi халық қалаулысы. 
     Жиын соңында аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай шардаралықтардың өтiнiш-тiлектерiн тыңдап, олардың оң шешiлуi үшiн жұмыс жасайтынын айтқан Нұржан Бауыржанұлына аудан тұрғындары атынан алғысын бiлдiрдi.

Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
25.07.2019