БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТКЕН МЕРЕКЕ

Версия для печати

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесі Шардара ауданында жоғары дәрежеде атап өтілді. Салтанатты шара таң азанымен қаладағы «Тұңғыш Президент» саябағынан бастау алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық кеңестердің мүшелері және ауданның бір топ ардагерлері, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған топ саябақ ішіндегі қаладағы білім мекемелері дайындаған әр ұлттың көрмелерімен, ұлттық тағамдарымен танысып шықты. Сонымен бірге көрме жанында ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген бір топ этнос өкілдеріне марапаттар тапсырылды. Атап айтар болсақ, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев қырғыз ұлтының өкілі, көп балалы ана Гүлжан Жунушалы, молдаван ұлтының өкілі, еңбек ардагері Нина Лешкова, ұйғыр ұлтының өкілі, өмірге үшемдерді әкелген көп балалы ана Татьяна Иманқұлова, тәжік ұлтының өкілі,  аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полициясы Шухрат Ибадуллаев, орыс ұлтының өкілі, №16 колледждің өндірістік оқыту шебері Александр Волков есімді азаматтарға аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың атынан «Алғыс хаттар» мен гүл шоқтарын тарту етті.

Мұнан кейін қаладағы «Алты алаш» алаңында 1 мамыр мерекесіне арналған салтанатты шеру басталды.  Халықтар достығына арналған мерекелік шеруді аудандық балалар Саз мектебі, Оқушылар үйі, «Шардара» мектеп-лицейі, Б.Соқпақбаев, М.Әуезов, Құрманғазы атындағы жалпы орта мектептер мен Халық Қаһарманы М.Қалмырза атындағы №3 мамандандырылған мектеп-интернатының ұжымдары бастап шықты. Шеру кезегін мұнан кейінгі кезекте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен соған қарасты мекемелер, аудан әкімінің аппараты мен аудандық мәслихат ұжымы, аудандық қала әкімі аппараты, балабақша мекемелері, аудандық білім бөлімі, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандағы спорт мектептері, №16 колледж, аудандық орталық аурухана, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария бөлімдері, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, кәсіпкерлік, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдері, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімі, Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, «Шардара су электр стансасы» АҚ-ының ұжымы, «Қазсушар» мекемесінің аудандық филиалы одан әрі жалғастырды.

Мерекеге жиналған көпшілікті аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтады.

          – Елімізде 1995 жылдан  бері  1 мамыр – Қазақстан Халқының  бірлігі  күні ретінде мерекеленіп келуде. Мұның көпұлтты  еліміз үшін мән-маңызы ерекше. Елбасының көреген саясатының арқасында елімізде бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ғасырға бергісіз жасампаз 28 жылда Қазақстан шын мәнінде бейбітшілік белдеуіне айналды. Жас мемлекетімізде аз жылдарда тұрлаулы қоғам орнап, тұрақтылық орнықты.   Біз мемлекеттің  тәуелсіздігі және оның алғашқы   жетістіктері  этникааралық келісім  саясатының,  табанды да  мақсатты жүргізілген  жұмыстың  нәтижесі  деп нық  сеніммен   айта  аламыз. Біздің ауданда 22 ұлттың  өкілдері тұрады. Олар негізінен  Қызылқұм  өңірін  игеруге  бұрынғы  Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінен келіп,  бүгінгі күні Шардараның байырғы тұрғынына айналып отыр. Оларды  ұлтына, дініне қарап бөлуге  ешқашан жол берілген емес, сондықтан да бізде ұлтаралық  келіспеушілік  орын алмаған және алдағы уақытта да алмайды деп сенемін. Көпұлтты тың игерушілердің қажырлы  еңбегінің арқасында Қызылқұм өңірі игерілді, бұл –халықтар  достығының  шынайы  көрінісі.  «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деп халқымыз осындай  игі  істерді  айтатын болар.        Қазіргі кезде  аудан экономикасы  біршама нығайып,  жылдан-жылға  халықтың тұрмыс  деңгейі,  әл-ауқаты көтеріліп  келеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы,   білім, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік  қорғау  салаларын дамытуға  көңіл бөлініп,  нақтылы  шаралар  жүзеге асырылуда.    Өнеркәсіпте, шағын және орта бизнесті дамытуда жетістіктеріміз бар. Алдымызда  экономиканы жаңа  деңгейге  көтеріп, халықтың тұрмыс  жағдайын жақсартуға бағытталған  міндеттер тұр.     Қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары ел экономикасын жаңғыртып, елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне серпін берері анық. Осы мақсаттарға жету үшін біз бұдан былай да бір тудың астына жиналып, бірлік пен ынтымақ жағдайында табандылықпен жұмыс  істеуіміз  керек.            

          Сіздерді Қазақстан  халқының бірлігі  мерекесімен  құттықтай отырып, Сіздерге  зор денсаулық, отбасыларыңызға  амандық,  бақ-береке, жұмыстарыңызда  сәттілік пен табыс  тілеймін, - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

          «Алты алаш» алаңындағы сахна үстінде аудан өнерпаздарымен қатар Алматыдан арнайы келген белгілі эстрада жұлдызы Өктем Алтаев бастаған әншілер әуелете ән шырқап, алаңда мектептің өнерлі оқушылары мың бұрала би билесті.

          Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
01.05.2019