ҰСТАНЫМЫМЫЗ – ТАТУЛЫҚ ПЕН ТЫНЫШТЫҚ, ҰРАНЫМЫЗ – БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК!

Версия для печати

Елбасы Жарлығымен бекітілген 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесін шардаралықтар жоғары деңгейде атап өтті. «Абай» Мәдениет сарайында өткен салтанатты шарада аудан әкімі Болатбек Қыстауов сөз сөйлеп, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

– Алғыс айту күні – бұл ең алдымен, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан азаматтардың бір-біріне, ортақ тарихымызға құрмет көрсету мен өзара қолдау күні. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей үлгісі қалыптасты. Өздеріңізге белгілі, кешегі өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ сьезінде мемлекет басшысы «Бүгінгі таңдағы біздің басты міндетіміз - ең бірінші тұрғындардың өмір сапасы мен тұрмыстық деңгейін көтеру болып табылады. Біздің ұстанымымыз – татулық пен тыныштық, ұранымыз – береке мен бірлік. Тәуелсіз Қазақстанның арқа сүйейтін тірегі – баянды бейбітшілік пен келелі келісім» - деп атап өтті. ХХ ғасыр бойында Қазақстан аумағында көпэтносты қоғам мен халықты қалыптастырудың күрделі процесі жүрді. Тұтастай алғанда ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға 5,6 миллион адам қоныс аударды. Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дарқандығын көрсете білді. Осы бағытта ұлттар арасындағы достық пен ынтымақты нығайту мақсатында 2018 жылы аудандық Мәдениет үйінен «Достық» бөлмесі ашылып, онда аудандағы 22 ұлт өкілдері өзара бас қосып, түрлі мәдени шаралар өткізіліп келеді, - деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Мереке үстінде аудан басшысы әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ этнос өкілдеріне марапаттар тапсырды. Атап айтар болсақ, аудан әкімі аппаратының қызметкері Шухрат Ульяхунов, аудандық телекоммуеикация торабының операторы Наиля Журавская, Қ.Тұрысбеков ауылдық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Геннадий Морев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Рузана Гюлумян, аудан әкімі аппаратының еден жуушысы Элизавета Штанг, №16 колледждің еден жуушысы Анастасия Чередниченко және аудандық орталық аурухананың инфекция бөлімінің шаруабикесі Татьяна Пономарева есімді азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Мерекеге қатысқан өзге ұлт өкілдері қазақ халқына деген шексіз ризашылықтарын білдірді. Соның бірі «Қоссейіт» жалпы орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Есенбай Ибадуллаев:

–Біздің ата-бабаларымыз 1939 жылы осы өңірге қоныс аударып келген екен. Бір-бірімен бауыр 5 ағайындыдан тараған ұрпақтары бүгінде 30 отбасы болып, бірнеше ауылда мамыражай ғұмыр кешіп келе жатыр. Біздің әулетімізден осы уақытқа дейін 7 қызымызды қазақтарға ұзатсақ, 5 келінді қазақ отбасынан түсірдік. Қазақ халқының жерін баспы, нанын жеп отырғандықтан біздер еш уақытта бөлініп көрмеппіз. Бізге құшағын айқара ашқан қазақ бауырларымызға әрдайым да алғыс айтып өтеміз, - деді ағынан жарылып.

Алғыс айту мерекесінде «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Жарылқасын Ізбайқызы қарашай халқының «Орайда» әнін нәшіне келтіріп шырқаса, «Балауса» бишілер тобы «Лезгинка» биін орындады. Шардара халық тетарының әртістері сахналаған «Ақсақалдың алғысы» қойылымы да көптің көңілінен шыққанын айта кету керек. Мерекелік концерт соңы аудан өнерпаздарының орындауында «Атамекен» әнімен аяқталды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
01.03.2019