ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС САПАРЫН ТҮРКІСТАННАН БАСТАДЫ

Версия для печати

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына келді. Мемлекет басшысы әуелі Қ.А.Ясауи кесенесіне ат басын бұрып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен және «Ұлы Дала елі» орталығы, облыстық әкімдік пен басқармалар ғимараттарының, сондай-ақ, Конгресс холл, Медиа орталықтың құрылыс барысымен танысты.

«Ұлы Дала елі» орталығының жалпы аумағы 1,32 гектар аумақты құрайды. Атырау облысы тарту ететін ғимарат 2020 жылы пайдалануға берілмек. Ал облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер ғимараттарының құрылысына жауапты әрі орындаушы –  «BI group» компаниясы. Облыстық әкімдік және басқармалар ғимаратының құрылысы биыл аяқталады. Конгресс-холл ғимаратының жалпы аумағы  – 3,1 гектар. «BI group» ЖШС-і аталған нысанды 2020 жылы пайдалануға береді. Сондай-ақ Алматы қаласы салуға тиісті Медиа орталық биыл есігін ашады. Оның жалпы аумағы 1,56 гектар аумақты алып жатыр.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Ел Президентіне осы құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндап берді.

Мемлекет басшысы жуырда ғана тұсауы кесілген облыстық «Жастар ресурстық орталығына» аялдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы орталықта «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» және «Stem» жобаларымен танысты. Сондай-ақ, «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының резиденттерімен кездесті. Бүгінгі таңда орталық бір уақытта 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады.

Президенттің Түркістан қаласындағы сапары «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысуымен жалғасты. Жалпы аумағы 96 200 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтерлік 26 көпқабатты тұрғын үй ағымдағы жылы ел игілігіне тапсырылады.   

 

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
23.03.2019