Шардаралық түлектер «Харекет»қорымен бірге баспана сыйлады

Версия для печати

Мектепті 10,20 жыл бұрын бітірген түлектердің өнегелі істері жайлы бұдан бұрын да айтқан болатынбыз. Бүгінгі «Соңғы қоңырау» мерекесінде «Шардара» мектеп-лицейін 2008-2009 жылы бітірген түлектер «Харекет» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, 6 баласы бар жалғызбасты ана Эльмира Жаңбыроваға 3 бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Бұған дейін пәтер жалдап күнелтіп, тұрмыс тауқыметін тартып келе жатқан Жаңбыровтар отбасы өздеріне жасалған мұндай тартуға риза болып, шын жүректен алғыстарын білдірді. Оразада жасалған сауапты іске қатысқан ардагер ұстаз, «Абай» мөлтекауылының биі Жамал Төлешова бастаған ұстаздар қауымы баспаналы болған отбасының қуаныштарына ортақтасып, жаңа қонысқа шашуларын шашты.

Шардара ауданы бойынша биылғы жылы көп балалы отбасыларын қолдауға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтуымыз керек. Аудан әкімдігі тарапынан бұған дейін Қ.Тұрысбеков ауылынан бой көтерген 10 пәтерлі тұрғын үйдің біреуі үшемдерді өмірге әкелген Гүлжанат Пернебаеваға берілсе, жуырда ғана Қоссейіт ауылының 20 жылдық түлектері өздерінің сыныптас достары, 9 баланы өмірге әкелген Анастасия Волокитинаға жер учаскесін рәсімдеп, 3 бөлмелі жаңа үй тұрғызып берген еді.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
27.05.2019