ШАРДАРАДА НАУРЫЗ ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Версия для печати

Бүгін Шардара қаласында Наурыз мерекесі тойланды. Қаладағы әуежай алаңында ақ шаңқан үйлер тігіліп, қызылды-жасылды киінген көпшілік таң азанымен солай қарай ағылды.

Наурыз тойы алдымен қайырымдылық дастарханымен басталды. «Шардарасервис» мекемесінің директоры Құрманғазы Әкпаров қалада ғұмыр кешетін жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен 200 азаматқа мерекелік дастархан жайып, құрмет көрсетті. Ал, аудандық мәслихаттың депутаты, №16 колледж директорының орынбасары Зәкірхан Талбидин осынша азаматқа азық-түлік себеттерін таратып берді. Сондай-ақ, наурыз той барысында әлеуметтік автодүкен арзандатылған бағамен сатылымға тауар шығарды. Наурыз алаңына жиналған халықты аудан әкімі Болатбек Қыстауов құттықтады.

Мұнан соң мерекеге орай киіз үй тіккен мекемелерге арнайы комиссия шешімімен берілген аудан әкімінің марапаттары тапсырылды. Соның ішінде аудандағы ақ халаттылар ұжымы тіккен «Қазына» киіз үйі бас жүлдеге лайық деп танылды. Одан кейінгі І орын №16 колледж ұжымы дайындаған «Болашақ» ауылына берілсе, екі ІІ орын «Хамит» СТК-сы тіккен «Балықшылар ауылы» мен Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі дайындаған «Көкжелек» ауылдарына, үш ІІІ орын Жаушықұм ауылдық округі мен аудандық сәулет және қала құрылысы, экономика және қаржы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, ветеринария бөлімдері бірлесіп тіккен «Мәңгілік ел» ауылына, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі дайындаған «Руханият» ауылына, Достық, Сүткент, Ақшеңгелді ауылдық округштері дайындаған «Ынтымақ» ауылдарына берілді. Сондай-ақ, басқа да қала мен ауыл әкімдері, аудандағы бірқатар бөлімдер бірлесіп дайындаған «Ынтымақ», «Шежіре» ауылдары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Шардаралықтардың қуаныштарына ортақтасқан әйгілі өнер иелері Хадиша Шалабаева мен Мамадияр Тәукеев әсем әннен шашу шашып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, аудан өнерпаздары да сахнада қойылымдар қойып, өнерлі өрендер мың бұрала билесті. Аудандық дене шынықтыру дәне спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қошқар көтеру, асық ату, арқан тарту, қазақша күрес сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.

Наурыз тойының соңы теңге ілу, бәйге сияқты ұлттық ат спорты ойындарына ұласты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
20.03.2019