ШАБАНДОЗДАР АУДАН ӘКІМІНІҢ КУБОГЫН САРАПҚА САЛДЫ

Версия для печати

Шардарада аудан әкімінің қолдауымен ұлттық спорт түрі – көкпардан «Шардара кубогы – 2019» жарысы өтті. Аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің және аудандағы көкпарсүйер қауымның ұйымдастыруымен өткен бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыруға, сонымен бірге «Жастар жылына» арналып отыр.

Көкпардың ашылу салтанатында шардаралық жыршы-термеші Тәшман Шекеров, республикалық Көкпар Федерациясының Президенті, әйгілі спортшы Мұхтархан Ділдабеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев сөз сөйледі. Көкпар ойынына есімі жалпақ жұртқа белгілі Ақылбек Мәнкеев бас төрешілік жасады.

Командалық тәсілмен өткен додаға ауданнан барлығы 8 команда қатысып, аудан әкімінің Кубогын сарапқа салды. Тартысты да қызықты өткен сайыста І орынды Шардара қаласының «Тайбурыл» командасының шабандоздары иеленсе, ІІ орынды Ұзын ата және Алатау батыр ауылдарының «Береке» командасы, ІІІ орынды Жаушықұм және Қалғансыр ауылдарының «Сырдария» командасы иеленді. Бас бәйгені иеленген командаға демеушілер есебінен 200 000 теңге, ІІ орын иеленген командаға 150 000 теңге, ІІІ орын иеленген командаға 100 000 теңге сыйақы беріліп, аудан әкімінің арнайы Кубогымен, дипломдармен, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, демеушілер атынан жарысқа қатысқан бес командаға да ынталандыру сыйлығы ретінде 50 000 теңгеден тарту берілді. Көкпар барысында әбжілдігімен, шеберлігімен көзге түсіп, тақымға серке басқан сайыпқыран шабандоздар мен тұлпарларға да арнайы номинациялар тағайындалды.

Басты мақсат - шағалалы ауданнан көкпаршылар командасын дайындап, халықаралық турнирлерде салым салу үшін ұйымдастырылған бұл іс-шараны көрермен қауым риза көңілмен тамашалады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
13.03.2019