ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДЕБИ БАСҚОСУ ӨТТІ

Версия для печати

Түлкібас ауданы, Пістелі ауылында «Таупістелі тағылымы – 2019: Шерхан мен Насыр бауында»  басқосу өтті. Әрбір үш жыл сайын өтетін басқосудың мақсаты – түбі бір түркілер туыстығы, әдебиет пен журналистика, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғау, рухани байланысты тереңдету. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген биылғы басқосу қазақ және өзбек халқының Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл сынды сөз зергерлерінің шығармашылығына арналды. «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры мен Түлкібас ауданы әкімдігі қолға алған бастамаға Түркістан облысы әкімдігі қолдау көрсетті.

Жиынға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің қаламгерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және шығармашыл жастар қатысты.  Қатысушылар алдымен Түлкібас ауданының орталығындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішіне гүл шоғын қойып, Түркібасы әулие кесенесіне аялдады. Одан соң Таупістелідегі Шерхан мен Насыр бауына  жиналды.

Жиынды жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Байғұт Мархабат жүргізді. Түркістан облысы әкімінің орынбасары әрі әдебиет саласының өкілі Мәлік Отарбаев жиынға арнайы қатысып, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын тапсырды. Әдебиет пен руханият саласына қолдау көрсетілетінін, мұндай басқосулардың жас ұрпақ үшін берері мол екенін жеткізді.

Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков  табиғаты тамылжыған Түлкібасқа  әдебиетшілердің келгеніне қуанышты екенін білдірді.

Тағылымды кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов, Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің хатшысы, жазушы, аудармашы Мехманқұл Исламқұлов, Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек, Түркия Республикасының өкілі, белгілі ғалым Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың түрік филологиясы кафедрасының меңгерушісі Асыл Шенгүн, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, К.Симонов медалінің иегері Нармахан Бегалыұлы және Несіпбек Дәутайұлы және өзге де ақын-жазушылар қос қаламгер жайлы толғаныстарын, қоғам, әдебиет, руханият туралы келелі ойларын айтты. Әдебиет, журналистика жайлы ұсыныстарын, жас таланттар туралы ой-пікірлерін білдірді.

Әсерлі жүздесуде қаламгер ағалар әдебиетке қадам басқан жастарға бата беріп, ақ жол тіледі. Басқосу барысында Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазылдың шығармаларынан үзінділер ұсынылып, концерттік бағдарламамен сүйемелденді. Әдеби жиын соңында қаламгерлер Бозторғай асуына саяхат жасады.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
30.04.2019