Зейнетақы қоры салымшыларының шотындағы инвестициялық табыс күн сайын есептеледі

Версия для печати

2018 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) салымшыларының шоттарына 847,1 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түсті. Бұл 2017 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 92,7 млрд теңгеге, яғни 12 пайызға жоғары. Салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 917,1 млрд теңгеге жетті. Ол 2017 жылғы көрсеткішпен (550,5 млрд теңге) салыстырғанда 67 пайызға жоғары. Яғни, 2018 жылы 1 теңге жарнаға 1 теңге инвестициялық табыс есептелді. Бұл Қор құрылғаннан бергі рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды «БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметі.   

2018 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,27 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызға жеткен. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыстылық – 5,97 пайызды құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылы зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайыз, ал инфляция деңгейі 7,1 пайыз болған.

Жалпы зейнетақы активтерінің өсімі шамамен 21 пайыз болды. Зейнетақы активтері жарналардан, төлемдерден және инвестициялық табыстан құралады.

Зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы 2019 жылдың алғашқы айларында да инфляция деңгейінен 6,1 пайыздық тармаққа жоғары болып отыр: соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында) зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,3 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,2 пайызды көрсетті.

2019 жылдың алғашқы айында салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 15,4 млрд теңге болды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,6 млрд теңгеге (немесе 57%-ға) жоғары. Инвестициялық табыс салымшылар мен алушылардың шоттарына күн сайын есептеледі. Оның көлемі шоттағы жинақ ақшаның сомасына және оған түсетін жарналардың мөлшері мен шотқа тұрақты аударылуына тәуелді.   

Инвестициялық табысты есептеу шартты зейнетақы бірлігінің (ШЗБ) құнына байланысты. Әрбір жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары теңгеде және осы шартты зейнетақы бірлігінде есепке алынады. Зейнетақы шотына түскен әрбір зейнетақы жарнасының сомасын Қордағы шартты зейнетақы бірлігіне бөлу арқылы ШЗБ саны есептеп шығарылады.

Мысалы, Сіздің жеке зейнетақы шотыңызға 10 000 теңге көлемінде зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. 2019 жылдың 20 ақпанына қарай ШЗБ құны – 748теңге дейтін болсақ, Сіздің шотыңызға есептелетін ШЗБ саны 13,4 бірлік болады(10 000 теңге/ 748 теңге).

2019 жылдың 21 ақпанындағы жағдай бойынша ШЗБ құны 750 теңге болды делік. Бұл ретте шотқа есептелген инвестициялық табыс ескерілді. Енді осы күнгі ШЗБ санын есептеп шығару керек. Сіздің шотыңызға есептелген ШЗБ саны ШЗБ-ның ағымдағы құны негізінде былайша қайта бағаланады: 13,4 ШЗБ * 750 теңге = 10 050 теңге. Осылайша Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз 2019 жылдың 21 ақпанына қарай 10 050 теңге болады. Бұл ретте зейнетақы жинақтары инвестициялық табыстан (50 теңге) және есептелген жарналардан (10 000 теңге) құралады.   

Сонымен зейнетақы жинақтары инвестициялық табысты есептеуге байланысты көбейді. Соның арқасында ШЗБ құны 2 теңгеге артты (750 теңге – 748 теңге). Зейнетақы жинақтары мен инвестициялық табыстың мөлшері жарналардың сомасы мен аударылу кезеңіне тәуелді. Сондықтан жарналарды жеке зейнетақы шотына уақытылы және толық көлемде аудару өте маңызды мәселе.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
11.03.2019