ЕЛБАСЫНЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАЛЫҚ МАҚАЛАСЫНДАҒЫ «ТУҒАН ЖЕР» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫҒА ҮЙ БЕРІЛДІ

Версия для печати

Шардара ауданының Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебін бұдан 20 жыл бұрын бітірген түлектер өнегелі тірлік жасады. Дәлірек айтар болсақ, сыныптастар ақылдаса келе 20 жылдық кездесудің құрметіне өздерінің сыныптас достары Анастасия Волокитинаның отбасына 3 бөлмелі үй салып беруді ұйғарды. Сауапты тірлікті жасауға асыққан түлектер алдымен ауыл шетінен үй салатын учаске сатып алып, құжаттарын Анастасия достарының атына рәсімдеді. Содан соң барлығы жұмыла отырып, үй салуға кірісіп кетті. Сыныптас достар үйдің іргетасынан бастап өздері құйып, қабырғасын көтерді. Шатырын жауып, ішкі-сыртқы жұмыстарын толықтай аяқтап шықты. Ауыл әкімдігімен бірлесе отырып, жаңа ғимаратқа электр жарығын, ауызсу құбырын тартып берді.

Бүгін осынау ғимаратқа Волокитиндер отбасы көшіп барып, 20 жылдық түлектер жаңа үйдің кілті мен сыйлық ретінде су жаңа кілем табыстады. Анастасияның тағы бір құрбы-сыныптастары газ плитасын тарту етті.

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев сауапты тірлік жасап отырған түлектерге аудан әкімінің атынан алғыс айта отырып, Волокитиндер отбасына шашу ретінде кілем сыйға тартты.

Андрей мен Анастасия екеуі өмірге 9 ұл-қыз әкеліп отыр. Алайда осы күнге дейін өз алдарына бір баспаналары болмастан, пәтер жалдап күнелтіп келген еді. Отағасы ауыл тұрғындарының теледидарын, тоңазытқышы мен басқа да техникалық заттарын жөндеп шайпұл табады. Ал әйелі мен ересек бала-шағасы ауылшаруашылығы жұмыстарының кез-келген түрлерін атқара береді. Әсіресе, күзгі жиын-терім кезінде отбасымен жаппай мақта теруге шығып, киім-кешектерін бүтіндеп, азық-түліктерін қамдап алатынын ауыл басшылары айтып берді.

–Біз өзіміз он жыл білім алған алтын ұя мектебімізге интерактивті тақта мен проектор, компьютер құралдарын сыйға тартып жатырмыз. Бірақ бірінші кезекте, әлеуметтік жағдайы төмен сыныптасымызға қол ұшын беруді ойладық. Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасында өзі туып-өскен жеріне тағзым етіп, оны көркейтіп-гүлдендіру әрбір азаматтың қасиетті борышы болуға тиіс екенін айтқан болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүрген сыныптас достарымызбен осы бір тірлікті жасап, 9 бала өсіріп отырған досымызды қуантқымыз келді, - дейді 20 жылдық түлектер.

Жаңа үйдің лентасы қиылып болған соң, сыныптастар Волокитиндердің қоныстойын да тойлап берді. Ауыл ақсалдары мен ел ағаларын арнайы қонаққа шақырып, 100 адамға арнап ас берді. Ас үстінде ауыл қариялары сауапты тірлік істеп, қызмет жасап жүрген жігіттерге ақ баталарын беріп, өмірден озған әруақтарға бағыштап құран түсірді.

Облыс көлемінде алғаш рет осындай игі тірлікті жасап отырған қоссейіттік түлектердің өнегелі ісін өзгелер де жалғастырып әкетіп жатса құба-құп. Алдағы уақытта Қосейіт ауыл әкімдігі тарапынан бұл көпбалалы отбасының әлеуметтік жағдайы тұрақты бақылауда болмақ.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
13.04.2019