ДЕНСАУЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Версия для печати

Бүгін «Дүниежүзілік денсаулық күні» мерекесіне орай қаладағы Орталық стадионда «Сау болу – сәнді!» ұранымен денсаулық фестивалі өтті.

Фестивальдің ашылу кезінде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев «Сау болу – сәнді!» ұранымен ұйымдастырылып отырған кең ауқымды акцияның республикамыздың түкпір-түкпірінде аталып өтіп, халықтың қолдауына ие болып отырғанын айтып өтті. Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жалпы орта мектептердің олимпиадалық спорт түрлерінің жабдықтарын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған «Олимпиада шыңы» атты эстафета Кубогын Бауыржан Қуанышбайұлы салтанатты түрде Төлеби ауданының өкіліне табыс етті. Мұнан кейін ауданның атын шартарапқа танытып жүрген ауыр атлетшілерге, жас палуандарға, футболшылар мен волейболшыларға демеушілер есебінен алынған түрлі спорттық құрал-жабдықтарды тапсыру рәсімі болды.

Салтанатты шарада шардаралық даңқты палуан, қазақша күрестен әлем чемпионы, «Әлем барысының» күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаровтың алғашқы жаттықтырушысы, ауданымыздың күрес спорты түрлерінің аға жаттықтырушысы Мұсырманқұл Дәуренов, облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспрімдер спорт мектебінің спортшысы, найза лақтыру спортынан тұңғыш рет Шардарадан шыққан Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы Мәдина Ергешова құттықтау сөз сөйледі. Аудандық №1 БЖСМ директоры Абай Сәкиевтің өткізілетін іс-шара ережесін таныстыруынан кейін дене белсенділігін арттыратын жаттығулар басталып кетті.

Денсаулық фестиваліне аудан, қала әкімі аппаратынан, дербес бөлімдер мен мекеме, ұйымдардан, қала мектептері мен балабақшалардан, аудандық аурухана ұжымдарынан барлығы 2,5 мыңдай адам қатысып, дене жаттығуларын жасады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАРИЯЛАНҒАН: 
06.04.2019