2019 жылғы 21 маусым «БЖЗҚ» АҚ барлық филиалында «Ашық есік күні» шарасы өтті

Версия для печати

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры тұрғындар арасында зейнетақы жүйесіне қатысты барлық сұрақтар бойынша ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Бұл жолғы шараның жаңашылдығы мен артықшылығы сол, бұл күні Қор мамандарымен қатар тұрғындарға әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік органдардың, қоғамдық және мемлекеттік емес бірлестіктердің өкілдері келушілерге әр түрлі сұрақтар бойынша жауаптар мен ақыл-кеңестер берді. Олар:

- «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы»;

- «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ;

- ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің департаменті;

- «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ;

- «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» дирекциясының департаменті;

- «Қазпошта» АҚ;

- «Нұр-Отан» партиясының өкілдері.

Ашық есік күнін өткізудегі мақсат – салымшыларға зейнетақы және әлеуметтік сала бойынша жан-жақты ақпарат беру және тұрғындар арасында ең сұранысқа ие қызметтерді бір жерде көрсету.

Шара барысында азаматтарды бірінші кезекте зейнетақының неден құралатындығы қызықтырды. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ өкілдері базалық және ортақ зейнетақы, ал Қор мамандары өз кезегінде зейнетақы төлемдерінің жинақтаушы бөлігі туралы әңгімеледі. Сонымен қатар шара барысында әлеуметтік сақтандыру туралы да сұрақтар қойылды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ қызметкерлері жұмыс берушілер үшін мұның міндетті екендігін еске салды.

Бала күтімімен декреттік демалыста жүрген әйелдер үшін бюджеттен міндетті зейнетақы жарналары бойынша қосымша көмекқаржы бөлінетіндігінен әйелдердің көпшілігі бейхабар болып шықты. Еске сала кетелік, жұмыс істейтін әйелдердің Қордағы жеке зейнетақы шотына баласы бір жасқа толғанша мемлекеттік бюджет пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан міндетті зейнетақы жарналары аударылып отырады. Мұны «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады.

Аталмыш шара «БЖЗҚ» АҚ барлық филиалында жоғары деңгейде өтті. Келушілер көп болды және олар зейнетақы жүйесінің жұмысына үлкен қызығушылық танытты.

«Ашық есік күні» шарасының соңында қатысушылардың барлығы бағалау сауалнамасы арқылы өздерінің пікірлері мен ескертпелерін жазып қалдыруға мүмкіндік алды.

РАЗМЕЩЕНО: 
03.07.2019